Биліктің басты назарында

2013-09-18 10:06:19



Аталмыш мәселеге қатысты облыс басшысы өз пікірін былай деп білдірді: - Тұрғындар тарапынан футболдың 100 жылдығын тойлайын деп жатыр, қаржының бәрі тойға жұмсалып, қысқа дайындық жұмысына кедергі келтірмей ме, ертең қыс мезгілінде тоңбаймыз ба деген алаңдаушылық болуы мүмкін. Алайда, ондай алаңдаушылық болса, орынсыз. Менің ойымша, барлық сала жан – жақты дамуы керек. Таңертеңнен кешке дейін Семейде жылу бола ма, болмай ма деп отыра беруге болмайды. Әрине, біз басшы болғаннан кейін, басты міндетіміз, бірінші кезектегі мақсатымыз – халықтың жағдайын, олардың тұрмысын, әл-ауқатын жақсарту. Семейдің жылу мәселесі әрдайым біздің бақылауымызда. Менің орынбасарым апта сайын Семейге барып, қысқа дайындық жұмыстарын бақылап тұрады. Бұл жұмыспен қала әкімі Айбек Кәрімов күнделікті айналысып отыр. Сондай-ақ, аталған мәселе мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың, Үкіметтің бақылауында. Үкімет 3 жылда бір рет Семейдің материалдық–техникалық базасын нығайту үшін арнайы қаулы қабылдайды. Сол қаулының нәтижесінде Семейге жылына 6-8 млрд. теңге ақша бөлінеді,- деді Бердібек Сапарбаев. Айта кетерлігі сол, қалада жылыту мәселесіне қатысты ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта Шағын бу қазандықтарының барлығы жойылады. Сол жағалаудағы үлкен бу қазандығы сияқты қазандық Қазақстанның ешбір жерінде салынған жоқ. Жұмыстың барлығы кестеге сәйкес жүріп жатыр. Облыс басшысының айтуынша, мемлекеттің міндеті - жылуды үйге дейін алып келу, ал тұрғындардың міндеті - сол үйге келген жылуды пәтерлеріне алып барулары керек. Оған қоса, кейбіреулерде пайдаланған коммуналдық қызмет үшін қарызын қайтармау деген жаман әдет бар. Сол әдеттерден арылу керек. Айтпақшы, тұрғындар мерейтой қонақтарын қабылдауға қала қонақтарының әзірлігіне де алаңдаулы. Бұл туралы облыс басшысы Б.Сапарбаев былай деген болатын: - Жақында мен теледидардан Семейде қала көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілмейді дегенді естіп қалдым. Қазақта «Көрпеңе қарай көсіл» деген сөз бар. 40 -50 жылда жөнделмеген Семейдің жолын 4 жылда толық жөндеу мүмкін емес. Әрқайсы қаржылай мүмкіндікке байланысты, ретімен жөнделеді. Семейдің жолдары жөнделіп жатыр. Тура осындай мәселе жарыққа да қатысты. Шынын айтқанда, Семейдегі жарық мәселесі Өскеменнен әлдеқайда жақсы. Түнде Семейдің үстінен ұш, одан кейін Өскеменнің үстінен ұш - Семей жарқырап тұр.. Халық дұрыс түсіну керек. Анауымыз жоқ, мынауымыз жоқ, соған қарамай үлкен шара жасап жатыр деуі мүмкін. Бірақ біз бір күнгі қиындықты емес, болашағымызды ойлауымыз керек. Бұл қазақ үшін абырой. Соның ішінде Семей үшін үлкен абырой. Аймақ басшысы қала тұрғындарын алаңдатқан мәселенің бәрін билік назарда ұстап отырғанын баса айтты.